TENBILDOP
ЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыТікелей эфирЭксклюзив

Барлығы Алматыда шешіледі

«Астана Аренада» 8 гол соғылды. Жергілікті «Астана» өз алаңында «Ақтөбені» 5:3 есебімен ойсырата жеңіп, чемпиондықтың интригасын сақтап қалды деп хабарлайды Tenbildop.kz

25-турдың орталық ойыны мезгілсіз дүние салған футболшылар Диас Төлеу мен Арон Мұсаны бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. «Ақтөбе» жанкүйерлері 13-секторларына өмірден озған ойыншыларға құрмет ретінде жейделерді іліп қойды.

Болат Сариевтің алғашқы ысқырығынан бастап, «Астана» ойынды толық бақылады, “ақ-қызылдар” қақпасын торуылдап жүріп, 10-минутта Камараның оң қапталдан әуелете асырған пасын Джефри Чинеду шегедей қадады — 1:0.

Костов шәкірттері жауапты голды көп күттірген жоқ. «Астананың» айып алаңындағы пас алмасудан кейін Жайро Жан теңбілді Чондрич қақпасына тоғытып, есепті теңестірді.
15-минутта дәл осы Жайроға қарсы өрескел ойнаған Шамко сары қағазбен марапатталды.

«Ақтөбе» қорғанысы қарымта шабуылдарға төтеп бере алмай, 21-минутта Усман Камара оңаша ойқастап, Андрей Влад қақпасының төменгі бұрышынан саңлау тапты — 2:1

«Астана» өткір шабуылдарын тоқтатқан жоқ. Эбонг ортадағы Калаицаға, Калаица сол қапталдағы Шамкоға, ал Дмитрийдің әуелете асырған пасын тағыда Джефри Чинеду баспен бағыттап, есепте еселеді.

Ақтөбеліктер жеңіліп жатса да, допты қарсылас алаңында ұзақ ұстап, ойыншылар арасында ашық кеңістікке қол жеткізді. Оң қапталдан Думбияның пасын Соса төменгі бұрышқа бағыттап, есеп айырмасын қысқартты. Бірінші таймның соңында «ақ-қызылдар» айып алаңында дөрекі ойнап, бас төреші Болат Сариев ойланбастан Қайыровқа сары қағаз көрсетіп, һәм 11 метрлік айып добын белгіледі. Премьер-лиганың үздік сұрмергені Назми Грипши мүмкіндігін мүлт жіберместен, маусымдағы 16-голын соқты.

Екінші таймда екпінін күшейткен алаң иелері есепті 5:2-ге жеткізді. Джефри Чинеду хет-трик авторы атанды. Алайда «Ақтөбе» соңына дейін шайқасып бақты. Қосалқы құрамнан шыққан Артур Шушеначев қапталғы Қайыровтан алаған пасын аяқтың сыртымен бағыттап, есеп айырмасын 5:3-ке қысқартты. Артурдың голы 25-турдың үздік голы аталымына әбден лайық.

Осылайша «Астана-Аренаға» жиналған 28 211 көрерменнің көзінше «Ақтөбе» ойсырай жеңілді. Бұл қос команда арасындағы 51-кездесу еді. Айта кетейік маусымның соңғы ойынында «Астана» сырт алаңда «Қайратпен» кездессе, «Ақтөбе» өз алаңында»Ордабасыны» қабылдайды.

Тағы да оқыңыз