«Жетісу» қорғаушысы Дінмұхамед Қашкен соңғы екі айда тек «Қайратқа» қарсы ғана ойнаған. Смақов шәкірттері 5:0 есебімен жеңілсе де, Қашкен Ұлттық құрамаға шақыртылды деп хабарлайды Tenbildop.kz.
Талғат Байсуфинов Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойнайтын нақты тізімге Дінмұхамед Қашкенді қосты. «Астана» сапынан шыққан ойыншы ойлы-қырлы клубтардың табалдырығын тоздырған. «Қайсар», «Ақтөбе», «Шахтер», «Ұлытау», «Хан Тәңірі» тіпті литвалық «Жальгирис» сапында 13 ойын ойнап қайтқан. Биыл «Жетісуға» келген қорғаушының статистикасы мәз емес — соңғы екі айда көк масатыға шықпаған. Турнирдің аутсайдері саналатын «Тұранға» бір гол соғып, «Қайратқа» қарсы бес гол жіберді демесеңіз, Қашкен ұлттық құрамаға шақыртылатын деңгейде емес.
Әлбетте, негізгі құрамда шығатын Әліп, Вороговский, Астанов, Қасымдармен шендесе алмайтыны анық. Алайда ротацияның да қажеттілігін ұмытпайық. Алаңда не боларын білмейміз. Чемпиондар лигасындағы «Қайрат» қақпашылары — тірі мысал. Самат Смақовтың ұжымынан бір ойыншы Ұлттық құрамаға шақыртылатыны анық еді, алайда неге ол Қашкен болды? Скопьеде есе жіберіп жатсақ, ойын тағдырын өзгертуге 2 айда 80 минут қана ойнаған қорғаушымызды шығарамыз ба?
