Талғат Байсуфинов Лихтенштейн құрамасын өте мықты команда деп мәлімдеді. Бас бапкер FIFA рейтингінде 204-орында тұрған ұжымды қалайша азулы командалар қатарына қосады? Әлде бұл ертеңгі ойынға деген күмән ба? Яки Ұлттық құраманың шынымен-ақ деңгейі осы ма? — Tenbildop.kz тілшісі тарқатып берді.
Алдымен Байсуфинов айтқан мәлімдемеге бас қатырып көрейік:
Лихтенштейн шынымен мықты команда ма!?
Өзіңіз ойланып көріңізші: небәрі 40 мың тұрғыны бар елде футболға деген қызығушылықтың «қ» деген әріпі жоқ. Кілең байлар тұратын герцогтықтың намысын балықшылар мен пошта қызметкерлері қорғайды.
Бүгін Ұлттық құрама бапкері осындай мәлімдеме жасаса, ертең «Әлем чемпионатында ойнаймыз» дегенге сенесіз бе?
Лихтенштейн құрамасының барлық ойыншыларын қоса есептегенде €575 мыңды құрайды. Мысалы, біздің қорғаушы Әлібек Қасымның ғана трансферлік құны — €600 мың.
Бапкердің ойында не барын білмейміз. Экс-бапкер Алиевті жанында қалдыруды өтінді. Мұның арты не боларын білмейміз, алайда қарапайым математикалық ереже бар «қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосындының мәні өзгермейді». Ойын практикасы аз Дінмұхамед Қашкенді шақырғаны тіпті түсініксіз. Ал бүгін әлсіз қарсыласты “азулы команда” деп мойындап отыр.

Әлбетте Лихтенштейн мәселе емес — ертең «Астана Аренада» біздің жігіттер жеңіске жететінін сіз де, біз де білеміз. Бас бапкер Қазақстан Ұлттық құрамасына бір ойында бес гол жіберетін қорғаушыларды шақырып жатса, Солтүстік Македонияға қарсы кімдерді ойнатпақпыз? Пошташылар мен балықшыларды сұрапыл команда десе, Бельгия келгенде не болмақпыз? Әлде бапкер сол Лихтенштейн деңгейіндегі ғана маман ба?
