2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Лихтенштейнді ірі есеппен жеңіп, наурыз айынан бері алғашқы жеңісіне жетті. Ойыншылардың дебютті голдары, Зайнутдиновтың рекорды, Байсуфиновтың жоспары қандай болғанын Tenbildop.kz тілшісі тарқатып берді.
Біздің жігіттер бірден қос өкпеден қысып, қарқынды шабуылға көшті. Қарсыластың сол қапталынан Ғалымжан Кенжебек емін-еркін өтіп, Лихтенштейн қорғаушыларын әбігерге салды. Байсуфиновтың 4-2-3-1 жүйесі өткір шабуылға бейімделгені айқын көрінді. Бірінші таймның алғашқы жартысы тек қонақ команданың айып алаңында өтті.
Осылайша, қарсыластың қапталын қақ жарған Ғалымжан 26-минутта қорғаушылар арасынан жеке дара өтіп, тоғыздыққа тамаша гол соқты. Бұл — Кенжебектің ұлттық құрама сапындағы дебюттік голы болды. Араға аз ғана уақыт салып, сол қапталмен өрбіген тағы бір шабуыл голмен аяқталды. Қорғаушылардың назарын өзіне аударта білген Ғалымжан теңбіл допты Зайнутдиновтың аяғына дәл жеткізді. Бақтиер ұлттық құраманың үздік сұрмергені екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарақаттан кейін командаға оралған «Динамо» ойыншысы ұлттық құрама жейдесіндегі 15-голын соқты.

Меймандар 42-минутта қарқынды шабуыл ұйымдастырғанымен, Сейсеннің сенімді ойыны қақпамызды құрғақ сақтап қалды.
«Елімай» шабуылшысы «Астана Аренаға» жиналған 27 мыңға жуық жанкүйерді еріксіз таңдай қақтыртты. Ғалымжан тағы да қаптал арқылы тамаша ойнап, қарсылас қақпасының тоғыздығын екінші мәрте тулатты. Годи бүгінгі ойында Вороговский һәм Исламбек Қуат сынды ойыншылармен тандемі тамаша болды.
81-минутта бұрыштамадан асырылған допты ақтөбелік қорғаушы Әлібек Қасым қақпаға тоғытып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты.
Осылайша, Байсуфинов шәкірттері 4:0 деген есеп тіркеп, наурыз айынан бері алғашқы жеңісіне жетті. Көктемде дәл осы Лихтенштейн құрамасын сырт алаңда 0:2 есебімен ұтқан едік.
Айта кетейік, ұлттық құраманың алда екі ойыны ғана қалды. Екі күннен кейін ел құрамасы Солтүстік Македонияға қонаққа барып, қарашада циклдің соңғы ойынын Бельгияға қарсы өз алаңында өткізеді.
