Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында, сырт алаңда Солтүстік Македониямен кездеседі, деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.
Зұлқарнайын елінің өкілдеріне қарсы қандай мүмкіндік бар?
Бүгін Скопье қаласында өтетін ойын Байсуфинов шәкірттері үшін аса ауыр болайын деп тұр. Әлбетте, Лихтенштейн — оңай қарсылас екенін бәріміз білеміз және оларға қарсы өткір шабуыл, жаңа жүйе, төрт қорғаушы сынды эксперименттерді жүзеге асыруға болады.
Алайда Солтүстік Македония — оңай шағылатын жаңғақ емес. Ағымдағы Әлем чемпионаты аясындағы іріктеу ойындарының бірде-бірінде жеңілмеген, J тобында көш бастап тұрған ұжымға қауқар көрсету үшін бүгін Байсуфинов шәкірттері бес қорғаушымен ойнайды. Талғат Маруанұлының тактикасы 5-4-1 немесе 5-2-2-1 жүйесі болуы мүмкін. Ортада ойнайтын Рамазан Оразов бүгін алаңға шықпайды. Ал орталық қорғаныста Әліп, Қасым, Малый үштігін көріп қалуымыз ықтимал.

Қорғанатын жөніміз бар! Себебі біздің зәреміз қалмайтын Бельгия, Уэльс сынды ұжымдарды менсініп тұрған жоқ бұлар. Күні кеше Еуропаның «қызыл сойқандарына» сырт алаңда гол соққызбады. Өз алаңында жеңілмегендеріне екі жылдың жүзі болған. Скопьеде «қызыл-сарыларға» Италия, Бельгия, Англия сынды алыптар тізесін батыра алмаған.

Сондай-ақ, Милевский шәкірттері Еуропаның белді клубтарына орын тебе бастады. «Валенсия» қақпасын күзететін Дмитревский, «Наполидің» су жаңа жартылай қорғаушысы Элиф Элмас һәм «Рейнджерстің» шабуылшысы Боян Миовски сынды жігіттер аса қауіпті.

Бұл ойынның фавориті — Солтүстік Македония. Байсуфинов жігіттері қарымта шабуылдармен ғаламат дүние көрсетпесе, Зұлқарнайын қорғанысын бұзу аса қиын. Ұлттық құрама қос өкпеден қыспаса да, сәті келген кезде сол қапталмен жиі шабуылдауы мүмкін.
Ойынды 23:45-те тікелей эфирден тамашалай аласыздар!
