TENBILDOP
Жаңалықтар

Байсуфинов: Қашкенді мен шақырдым!

Ертең Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында өз алаңында Лихтенштейн құрамасын қабылдайды. Ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы Талғат Байсуфинов және капитан Нұралы Әліп ертеңгі ойын жайлы тарқатып берді, — деп хабарлайды Tenbildop.kz.

«Астана Аренада Лихтенштейнге қарсы сенімді жеңіске жете аламыз ба?» — Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

— 29 қыркүйек күні маған ҚФФ хабарласты. Бұл Қазақстан ұлттық құрамасы болғандықтан, мен «келмеймін» деп айта алмадым. Әли Ханәлиұлын жаныма қалдыруды өтіндім. Себебі жігіттер маусымды Алиевпен бастады. 1 қазаннан бастап дайындықты бастадық. Ертеңгі ойынға толық дайынбыз. Дастан Сәтпаевтың екі ойынға да қатыса алмайтыны өкінішті. Сондай-ақ ертеңгі ойында Сергей Малыйды да көре алмаймыз.

Дінмұхамед Қашкенді ұлттық құрамаға мен шақырттым. 25 жастағы қорғаушы өзін көрсетуге мүмкіндік алды деп ойлаймын. Иә, БАҚ оның статистикасы басқалармен салыстырғанда төмен деп айтуы мүмкін, бірақ бұл ойыншы ғана менің көңілімнен шықты. Қазір хейт айтылып жатыр, ал ертең бір-екі жылда бұл жігіт негізгі құрамда ойнаса, бұл сөздерді кім есіне алады?

— Ертең пенальти болған жағдайда нақты пенальтисті айта аласыз ба?

— Ертеңгі күннің пенальти орындайтын ойыншысын айтсам, қарсылас барлығын біліп алады ғой. Ұлттық құрамадағы бұл мәселе әрдайым алаңда шешіледі.

Ұлттық құрама капитаны Нұралы Әліп те ертеңгі ойын алдындағы пікірін білдірді.

— Ертеңгі матчқа дайынбыз. Бақтиермен де сөйлестік. Үйде жеңіс болмағанына көп болды ғой, сондықтан да ертең тек жеңіс үшін ойнаймыз. Қазір ұлттық құрамада буын алмасу болып жатыр. Үлкендер болып айттық: «Жігіттер, бұл — ұлттық құрама. Ел үшін, жер үшін барын салатын орын. Сондықтан аянып қалмау керек».

Әрине, Димаш Қашкен жайлы айтылып жатқан сынды білемін. Димаш Қашкенді 2016 жылдан бері танимын. Екеуміз жақсы таныспыз, ойнауға деген құлшынысы өте керемет. Мен оған әлеуметтік желіде айтылып жатқан сын пікірлерге мән бермеуін сұрадым. Ертең ойында өзін көрсетеді деп ойлаймын.

Ертең Талғат Байсуфинов шәкірттері «Астана Аренада» Лихтенштейн құрамасын қабылдайды. Ойын 19:00 де басталады. Ұлттық құрама жігіттеріне сәттілік тілейміз!

Тағы да оқыңыз