Қызылорда қаласында ел кубогының финалы өтті. Еурокубок жолдамасын сарапқа салған турнирдің шешуші ойынында Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері шымкенттік «Ордабасыны» 0:2 есебімен жеңіп, үшінші мәрте кубок иегері атанды, деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.
Кубоктың 33-финалы Сыр елінде ашылған су жаңа «Қайсар Арена» стадионында өтті. Бұған дейін өңірлер арасынан Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалалары Қазақстан кубогының финалын қабылдаса, Сырдария жағасында ел кубогы алғаш рет сарапқа салынды.
Шартты түрде алаң иелері саналатын «Ордабасы» тарихында 5-ші рет Қазақстан кубогының финалына шықты. Шымкенттіктер осыған дейінгі 4 финалдың екеуінде жеңіске жеткен. Қостанайлықтардың да статистикасы дәл сондай. Соңғы рет кубоктың финалында қос команда 2023 жылы «Астана Аренада» кездескен. Ол кезде Ислам Чеснаковтың жалғыз голының арқасында «комбайншылар» жеңіске жеткен еді.

Бүгінгі финалды Андрей Мартин шәкірттері бірден қарқынды шабуылмен бастады. Алайда Лука Имнадзенің добы қақпа бағанасынан жоғары бағытталды. 19-минутта дәл осы Қызылорда футболының аңызы Асхат Тағыбергеннің стандарттан асырған пасына Николай Сигневич бірінші жетіп, «Тобылды» алға шығарды.
Қостанайлықтар қос өкпеден қысып, 33-минутта Эль-Мессаудидың бағыттаған добы қақпа бағанасына тиіп, Ислам Чеснаков артынша гол соғып кетті – 0:2.
«Ордабасы» қанша шабуылдаса да, ойын тағдырын да, таблодағы есепті де өзгерте алмады. Екінші таймға қосылған бес минуттан кейін швейцариялық төреші Свен Вольфенсбергер ысқырық шалып, «Тобыл» ойыншылары үшінші мәрте Қазақстан кубогын бастарынан асырып көтерді.
Осылайша қостанайлық ұжым еурокубок ойындарына жолдама алды. Сондай-ақ Жұмасқалиев шәкірттерінің Премьер-лигада үшінші орын алуы, төртінші орында тұрған «Ақтөбе» мен «Елімайдың» бәсекелестігін арттыра түсті. Себебі ел кубогының иегері еурокубок жолдамасын алып қойғаннан кейін, турнирлік кестедегі төртінші команда кәрі құрлықтың турнирлерінде бақ сынауға құқылы.
