TENBILDOP
ЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыТікелей эфирҰлттық құрамаЧемпиондар Лигасы

Қазақстан кубогының тарихы!

Қазақстан кубогы жай ғана турнир емес, командаларға еурокубок жолдамасын сыйлайтын тамаша мүмкіндік. Биыл ел кубогының финалы Қызылорда қаласындағы су жаңа «Қайсар Аренада» өтеді. Сыр еліне дейін өңірлер Қазақстан кубогының финалын қабылдаған ба? Tenbildop.kz тілшісі тарқатып берді.

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бастап үздіксіз өткізіліп келе жатыр. Кейде фавориттер, арасында аутсайдерлер, тіпті күмәнді финалдарға да куә болдық.
Кубоктың финалы 12 мәрте Астана қаласында және тағы 12 рет Алматының «Орталық» стадионында өткен.

Бұл турнирдің финалын тек екі қала қабылдады деп ойласаңыз – қателесесіз. 2004 жылы Тараз қаласы кубоктың финалын алғаш рет өткізу мәртебесіне ие болды. Бұл күн Тараз қаласы үшін екі тарихи оқиғамен есте қалды. Тұңғыш рет кубоктың финалы Әулиеата өңірінде өтіп, Нұркен Мәзбаевтың жалғыз голының арқасында жергілікті «Тараз» Қазақстан кубогының финалында «Қайраттан» басым түсті.

Келесі жылы кубоктың финалы шырайлы Шымқалада өтті.
«Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы стадион «сары-қаралар» дербиіне куә болды. Негізгі 90 минут тең аяқталғанымен, елордалық «Жеңістің» үздік ойыншысы Мендес Перейра 116-минутта гол соғып, «Жеңіске» үшінші мәрте Қазақстан кубогын сыйлады.

2007 жылы ел кубогының финалы Таразға қайта оралды. Бұл жолы Қостанайдың «Тобылы» көршілес қаладан келген «Ордабасыны»
3:0 есебімен тізе бүктіріп, «комбайншылар» Қазақстан кубогындағы алғашқы титулына қол жеткізді.

Араға 10 жыл салып, екі мегаполистен бөлек, Ақтөбе қаласы да кубоктың финалын қабылдаған. Ең қызығы – бұл ойында алматылық «Қайрат» жеңіске жеткен. Жерар Гоудың жалғыз голы «Атырауды» жеңуге жеткілікті болды.

Бұдан кейін ел кубогының ақтық бәсекелерінің барлығын Астана мен Алматы бөліп алып отырды.

Финалдардың ішінде ең голға байы да, күмәндісі де, 2022 жылы “Астана Аренада” өтті. Шымкенттік «Ордабасы» 120 минут арпалысып, соңғы минутта белгіленген пенальтидің арқасында «Ақжайықтан» басым түсті. Ойын 5:4 есебімен аяқталды.

4 қазан күні Қызылорда қаласының су жаңа «Қайсар Арена» стадионында ел кубогының 33 финалы өтеді. Жүлдені шымкенттік «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобылы» сарапқа салмақ.

Тағы да оқыңыз