TENBILDOP
Әлем футболыЖаңалықтарҰлттық құрамаЭксклюзив

Рене Игита – «Скорпион» соққысымен тарихта қалған қақпашы

Биыл футбол әлеміндегі ерекше сәттің орын алғанына тура 30 жыл толып отыр. 1995 жылдың 6 қыркүйегінде әйгілі «Уэмбли» стадионында Англия мен Колумбия құрамалары кездесті. Колумбиялық қақпашы Рене Игита футбол тарихына енген ерекше сейв жасап, кейін бұл соққы «Скорпион соққысы» деген атаумен танымал болды, деп хабарлайды tenbildop.kz тілшісі.

Ойын барысында ағылшын жартылай қорғаушысы Джейми Реднапп айып алаңына доп асырмақ болып еді, бірақ ала доп қақпаға қарай кетті. Бағана алдында тұрған Рене Игита бірнеше қадам артқа шегініп, допты қос аяқпен кері қайтарды.

Ойын 0:0 есебімен аяқталса да, бұл кездесу футбол тарихындағы есте қаларлық оқиғалардың бірі ретінде тарихтың қатпарлы қойнауына еніп кетті.

Матчтан кейін Игита әріптестерінен тәуекелге барғаны үшін кешірім сұрап, бұл қимылдың мәжбүрлі шешім болғанын айтты:

«Бұл соққы – қажеттілік еді, көзбояушылық емес. Егер мен допты қолмен қайтаруға тырысқанымда, қателесіп, гол жіберіп алатын едім. Ал аяқпен – әрі нәтижелі, әрі әдемі шықты», – деп мәлімдеді Рене Игита.

«Скорпион» соққысының тарихы

Игита бұл қимылды алғаш рет 1990 жылы балалардың жаттығуын көріп жүргенде ойлап тапқанын айтады:

«Балалар әрқашан менің шабыт көзім болды. Оларды жиі алаңда «қайшылап» соққы жасап жатқандарын көретінмін. Бірде оларға қарап: “Мұны керісінше жасаса қалай болар екен?” деп ойладым».

Содан бастап Игита бес жыл бойы «скарпион» соққыны жасауға машықтанып жүрген. Бұл әрекет – импровизация емес, ұзақ еңбектің жемісі болған.

Бүгінде соққының авторлығына қатысты түрлі пікірлер бар. Алайда, бұл дискуссияның маңызы жоқ. Себебі футбол тарихында Рене Игита ғана бұл соққыны ресми матчта, әлемдегі ең әйгілі стадиондардың бірінде, миллиондаған көрермен алдында сәтті орындап шықты.

 

Тағы да оқыңыз