Қазақстанның U-21 құрамасы 2027 жылғы жастар Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі өз алаңындағы матчта Молдоваға қарсы ойнады, деп хабарлайды tenbildop.kz.
Көптен күткен кездесу «Астана Арена» стадионында болды. Ойынға Сербиядан келген төрешілер тобы қызмет етті, бас арбитр — Павле Илич.
Командалардың бастапқы құрамдары:
Қазақстан U-21: Талыспаев, Мрынский, Аскаров, Турғанов, Каримов, Байдәулетов, Жумабеков, Нұрімбет, Валгушев, Багдат, Агиманов.
Молдова U-21: Думенко, Андрейчу, Обляк, Сака, Господин, Давид, Костин, Раду, Лупан, Ротару, Козма.
Ойынның алтыншы минутында Рамазан Багдат қарсылас қорғанысының қателігін пайдаланып, есепті ашты. Бұдан кейін алаң иелері бірнеше қауіпті шабуыл жасағанымен, басымдықты екінші голға айналдыра алмады. Ал екінші таймда молдовалық футболшылар белсенділікті арттырып, матч түгесілер тұста – 90-шы минутта – пенальти орындау құқығына ие болды. Пенальтиде Николае Ротару дәл соғып, есепті теңестірді — 1:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы төрт ұпай жинап, D тобында төртінші орынға жайғасты. Келесі матч 27 наурызда өтеді, онда Андрей Ферапонтовтың командасы өз алаңында Словакияны қабылдайды.
