Мадридтік «Реалдың» бельгиялық қақпашысы Тибо Куртуа «корольдік клубпен» жаңа келісімшартын ұзартуға жақын, деп хабарлайды Tenbildop.kz сайты. Бұл туралы танымал инсайдер Никола Скира өзінің Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады.
Ақпарат көзінің пайымдауынша, Тибо мен испандық клуб келісімшартты 2027 жылға дейін создырмақшы. Қақпашының қазіргі келісімшарты 2026 жылдың 30 маусымына дейін жарамды.
Ағымдағы маусымда бельгиялық қақпашы мадридтік «Реал» үшін барлық турнирлерде 44 матч өткізіп, 50 гол жіберіп, 14 ойында қақпасын құрғақ сақтап қалды. Transfermarkt порталының ақпаратына сәйкес, 33 жастағы футболшының трансферлік құны 25 млн € құрайды.
