Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА Атқару комитетінің мүшесі әрі Чемпиондар лигасы жеңімпазы – Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының акционері Нассер Аль-Хелаифимен кездесті, деп хабарлайды tenbildop.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы катарлық кәсіпкерге футболдың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, спорт саласында әділ және бәсекелі орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Президент футболды дамыту мәселелеріне тоқталып, елде жүргізіліп жатқан реформаларға — футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелестік ортаны қалыптастыру шараларына назар аударды», — делінген Ақорданың хабарламасында.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық футбол клубтарын жекешелендіру процесін жеделдетуді тапсырған болатын. Қазірдің өзінде төрт команданың болашақ иелері анықталған.
Нассер Аль-Хелаифи Астанаға Premier Padel әлемдік кәсіби турының төрағасы ретінде келді. Сонымен қатар ол бірқатар халықаралық спорт ұйымдарында маңызды лауазымдарға ие.
Айта кетейік, Аль-Хелаифиге тиесілі Qatar Sports Investments компаниясы 2011 жылы ПСЖ клубының 70 пайыз акциясын сатып алған. Сол уақыттан бері ол команданы басқарып келеді. Өткен жылы париждіктер тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, «Интерді» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Сонымен бірге бүгін Петропавлдың «Қызыл-Жар» клубы елде алғашқылардың бірі болып жеке меншікке өткенін клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
