«Барселона» шабуылшысы Роберт Левандовски Испания чемпионатындағы командасының турнирлік жағдайына қатысты ойын айтты.
Жексенбі күні «блауграна» өз алаңында «Сельтаны» 4:2 есебімен жеңіп, 12 турдан кейін мадридтік «Реалдан» үш ұпайға ғана қалып келеді. Бұған дейін «Реал» «Райо Вальеканомен» (0:0) тең ойнаған болатын.
«Біздің “Реалдан” қалып келе жатқан айырмамыз үш ұпайға дейін қысқарды — бұл жақсы нәтиже. Бірақ біз бұдан да жақсы ойнай аламыз. Қорғаныстағы ойынымыз жеткілікті деңгейде емес. Қазір қателіктерімізді талдап, оларды түзетуге жұмыс істеуіміз керек. Ұлттық құрамалар арасындағы үзілістен кейін біз әлдеқайда мықты ойнаймыз», — деді Левандовски Barca Universal басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, поляк шабуылшысы бұл ойында хет-трик авторы атанды.
Каталондықтардың келесі қарсыласы — «Атлетик» Бильбао. Кездесу 22 қараша күні өтеді.
