TENBILDOP
ЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыТікелей эфир

«Астана» турнирлік кестеде көш бастады

Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 20-тур ойындары аясында Бабаян шәкірттері сырт алаңда «Тобылды» жеңіп, турнирлік кестеде «Қайратты» басып озды, деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.

Қостанайдағы «Орталық» стадионда өткен кездесудің алғашқы минуттарынан бастап алаң иелері белсенді ойнады. Стандарттан Асхат Тағыберген пас асырып, 1-минутта Ислам Чеснаков Чондрич қақпасының кілтін таба білді. Төрт минуттан кейін Чинедудің шірене тепкен соққысын Бусурманов қайтарғанымен, астаналық капитан Марин Томасовтың тоқтатпай тепкен добы тор ішінде тулап жатты. Томасов ойыннан тыс қалғандай көрінгенімен, VAR қызметіне жүгінген Болат Сариев «Астананың» голын есепке алды.

Бірінші таймның бел ортасында Марат Быстров айып алаңының ішінде Чеснаковқа қарсы өрескел тәртіп бұзып, «Астана» қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлікті орындаған Қостанайдың марокколық шабуылшысы Ахмед Эль-Мессауди мүмкіндігін мүлт жібермеді.

37-минутта «комбайншылардың» капитаны Асхат Тағыберген Иван Башичке қарсы дөрекі ойнап, капитандық белгісін Чеснаковқа тапсыруға мәжбүр болды. Сариев Тағыбергенге қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Алғашқы таймның соңғы секундтарында турнирдің үздік сұрмергені Назми Грипшидің сол қапталдан асырған пасын Джеффри Чинеду баспен түйіндеп, есепті теңестірді.

Елордалықтар Қостанайдан бір ұпай ғана арқалап қайтпаймыз деді. 90+7 минутта Шомконың әуелете асырған добына Томасов бірінші болып жетіп, «Тобылға» қарсы дубль рәсімдеді.

Осылайша Константин Бабаян шәкірттері турнирлік кестеде 50 ұпай жинап, алматылық «Қайратты» басып озды. Ал Жұмасқалиев шәкірттері өз алаңындағы маңызды кездесуде ұпай жоғалтып, турнирлік кестеде 44 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

«Астана» келесі кездесуін көршілес Көкшетау қаласында жергілікті «Оқжетпеске» қарсы өткізеді. Ал «Тобыл» Қазақстан кубогының финалы алдында өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдайды.

Айта кетейік ел кубогының финалы 4 қазан күні Қызылорда қаласының су жаңа стадионында өтеді. Шешуші кездесуде «Тобыл» шымқалалық «Ордамен» кездеседі.

 

Тағы да оқыңыз