УЕФА Чемпиондар лигасының 1-турында Германияның «Бавариясы» мен Англияның «Челсиі» кездесті. Мюнхенде өткен тартысты кездесуде алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Tenbildop.kz
Кездесу «Арена Мюнхен» стадионында өтті. Ойынды испаниялық төреші Хосе Санчес Мартинес бастаған бригада басқарды. Матчтың 20-минутында Трево Чалобаның автоголы мюнхендік команданы алға шығарды. Ал 27-минутта Харри Кейн пенальтиден есепті еселеді. Сәлден кейін Коул Палмер «Челси» сапынан жауап қайтарып, есеп айырмасын қысқартты.

63-минутта Кейн дубль авторы атанды. Осылайша ағылшын шабуылшысы Чемпиондар лигасындағы голдар саны бойынша Серхио Агуэроны басып озып, Антуан Гризманн және Алессандро Дель Пьеромен теңесті (41 гол).

89-минутта «Суық Палмер» тағы бір гол соққанымен, бұл доп офсайд себебінен есепке алынбады.
Қос команданың турнирдегі келесі кездесулері 30 қыркүйекке жоспарланған, «Бавария» сырт алаңда «Пафоспен» кездессе, «Челси» өз алаңында Жозе Моуриньюдің «Бенфикасын» қабылдайды.
