TENBILDOP
ЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыТікелей эфир

Ұлытауда ұмытылған «Ақтөбе»

«Ақтөбе» сырт алаңда аудсайдер саналатын «Ұлытаудан» ұтылып, еурокубок ойындарынан қол үзді, деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.

Қазақстан Премьер-лигасының кейінгі шегерілген 18-тур ойындары аясында «Ақтөбе» сырт алаңда «Ұлытаумен» жолықты. Жезқазғанның «Металлург» стадионында өткен кездесудің «ақ-қызылдар» үшін маңызы зор еді. Себебі турнирлік кестеде өкшелеп келе жатқан «Елімайды» басып озып, еурокубок ойындарына шығуға әрекеттенуге болады. Алайда Николай Костов шәкірттерінің соңғы үміті көзден бұл-бұл ұшты.

Алаң иелері алғашқы минуттан бастап қос өкпеден қысып шабуылдады. Нәтижесінде бұрыштамадан Сергей Кейлердің асырған пасы және айып алаңындағы аласапыранды пайдаланған Георгий Бугулов баспен түйіндеді.

Бірінші таймда қанша допқа иелік етсе де «Ақтөбе» ойынға орала алмады. Тек 45+2 минутта «ақ-қызылдар» тактикалық шабуыл жасады. Сосаның Байдаулетовке асырған сұңғыл пасына гаитилық шабуылшысы Жайро Жан бірінші жетіп, теңбілді төменгі бұрышқа аттандырды.

74-минутта алаң иелері сол қапталдан шабуылға шығып, Сергей Кейлердің әуелете асырған пасын Дмитрий Юсуп оңға қарай тастап, «Ақтөбе» қорғаушыларының бақылауынан шыға білген Бағдат Данияров тоғыздыққа топ еткізді. Ақтөбеліктердің қорғаушылары жоғарғы бұрышқа бағытталған соққыға тосқауыл бола алмады, ал қақпаның сол бұрышын қорғап тұрған Андрей Влад Данияровтың тепкен добын көзбен шығарып салды. 2:1 — алаң иелері алға шықты, ал Бағдат «Ұлытау» жейдесіндегі дебютті голын соқты.

Олайша «ақ-қызылдар» Орталық Қазақстаннан құр алақан қайтып, еурокубоктан қол үзді. Ал бүгінгі кездесуде аутсайдер саналған «Ұлытау» маңызды жеңіске жетіп, турнирлік кестедегі қауіпті аймақтан алыстады.

Турнирдегі соңғы үш ойынды Нұркен Мазбаев шәкіртері өз алаңында өткізеді. Бір аптадан кейін ҚПЛ-да қалуға қарекет жасап жатқан «Атыраумен» кездессе, келесі айда «Қайсар» мен «Тобылды» қабылдайды.

Ал «Ақтөбенің» жағдайы тым ауыр ендігі жетіде «Қызылжардан», «Қобыландыда» басым түсеміз десе де, сырт алаңда «Астананы» қапы қалдыра алмас. Ал соңғы турда «Ордабасымен» өз алаңында шеберлік байқасады.

 

Тағы да оқыңыз