Егер сіз клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Реалдың» ширек финалдағы ойынын көрсеңіз, алаңда Гарсия деген фамилиясы бар ойыншылардың көптігі біраз шатастырған шығар. Алдымен голды Гонсало Гарсия соқты, артынан Фран Гарсия көзге түсті. Бұған қоса, жақында «Барселона» Жоан Гарсияны қатарға қосты. Бірақ олардың сапында әлдеқашан Эрик Гарсия бар еді. Қысқасы, бұл фамилиядан айналып өтудің өзі қиын.
Испаниядағы ең танымал фамилия қайдан шыққан?
Гарсия – Испаниядағы ең кең тараған тектердің бірі. Алайда бұл фамилия нақты қайдан шыққаны туралы пікірлер бірізді емес. Бірнеше теория бар, олардың ішінде ең танымалы – Гарсия сөзі баск тіліндегі «(h)artz» яғни «аю» деген сөзден шыққан деген нұсқа. Испан филологтарының пайымдауынша, бұл – рим дәуіріне дейінгі сөз, оның көне нұсқасы – «kartzea».
Демек, Испаниядағы ең жиі кездесетін фамилия — «Аю»? Әлі де нақты емес.
Тағы бір болжам бойынша, Гарсия тегі герман (гот) тайпаларынан бастау алады. Ол Скандинавия аймағынан келген болуы мүмкін. Ал тарихи жазбаларда бұл фамилия алғаш рет 789–791 жылдары Наварра корольдігінде тіркелген. Бұл теорияға сүйенсек, Гарсия – жеке есім ретінде қолданылған, ал оның түбірі герман тіліндегі «Гари» немесе «Вари» сөздері. Мағынасы – «найза ұстаушы» немесе «жауынгер».

1,5 миллион Гарсия және 80 мың Гарсия-Гарсия
Испанияда аты-жөні екі фамилиядан тұратыны белгілі: біреуі – әкенікі, екіншісі – шешенің. Мысалы, аты аңызға айналған футболшы Рауль Гонсалес Бланко – мұндағы Бланко анасының тегі. Әдетте бірінші болып әке фамилиясы жазылады, бірақ бұл ереже міндетті емес. 2019 жылдан бастап ата-аналар балалардың тегінің ретін өздері таңдай алады.
Осы ереженің аясында «Гарсия» тегі испан қоғамында нағыз феноменге айналған. Елде бұл фамилияны шамамен 1,5 миллион адам бірінші фамилия ретінде иеленсе, тағы 1,5 миллионы — екінші фамилия ретінде қолданады. Ал 80 мыңдай адамда әкесі де, шешесі де Гарсия болып шыққан — нәтижесінде Гарсия-Гарсия.
Айталық, испан бапкері Гонсало Гарсия-Гарсия кезінде «Днепр-1» клубының ұсынысынан бас тартып, қазір Хорватияның «Хайдук» клубын жаттықтырып жүр.
Ла Лига тарихындағы ең танымал фамилия — Гарсия
Relevo басылымының зерттеуіне сәйкес, Испания чемпионатының (Ла Лига) 1929 жылдан бергі тарихында ең жиі кездесетін фамилия – Гарсия. Бұл жерде де «Гарсия» үлкен басымдықпен көш бастап тұр. Таңғаларлығы, Ла Лигадағы ең танымал алты фамилия Испаниядағы жалпы халық арасындағы тізіммен дәл сәйкес келеді.

Алайда кейбір ауытқулар бар. Мысалы, «Альварес» тегі елде 17-орында болса, Ла Лигада – 11-орында. Ал «Суарес» тегі жалпы елде 31-ші орында тұрса да, футболда — 18-орында.
Гарсия тегі әсіресе 1950-жылдары туған футболшылар арасында көп болған (барлық ойыншылардың 6,37%-ы). Кейін бұл көрсеткіш төмендеді, бірақ 2000-жылдары туғандар арасында қайта өсе бастады.
Өткен маусымда Ла Лигада бірінші фамилиясы «Гарсия» болған 11 ойыншы тіркелген.
