Премьер-Лигасының 23-туры аясында елордалық «Астана» өз алаңында Семейлік «Елімаймен» тең тарқасты. Бұл ойын турнирлік кестедегі «Астананың» тікелей бәсекелесі «Қайраттың» алға шығуына мүмкіндік берді — деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.
Ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Астана» бас бапкері Григорий Бабаян матчқа қатысты пікір білдіріп, ойынның көңіл көншітпегенін жасырмады:
«Жанкүйерлердің қолдауы, ауа райы, алаңның жағдайы — барлығы тамаша болды. Бұл ойынға ешқандай сылтау іздеудің қажеті жоқ. Бүгінгі нәтиже — біздің ұятты ойынымыздың жемісі. Ашық айтқанда, бұл маусымдағы ең сәтсіз ойынымыз болды. Қорғаныста өте нашар ойнадық, сол себепті маңызды матчта ұпай жоғалттық. Тіпті жеңіліп қалуымыз да мүмкін еді», — деді бапкер.
Бабаянның айтуынша, команда тек стандарттық жағдайлар арқылы ғана қауіп төндіре алды:
«Иә, біз бұрыштамадан гол салдық, бірақ ойын барысында нақты басымдық көрсете алмадық. Ойыншылардың физикалық және психологиялық дайындығы жайлы жиі сөйлесеміз. Егер мен бір ойыншыны алаңға шығарсам, демек ол 100% дайын деген сөз. Бірақ бүгін барлығы басқаша өрбіді», — деді ол.
Кадрлық мәселелер де әсер етті. Ойын барысында Аманов сары қағаз алып, Вараговский алаңнан қуылды. Бұл жағдайлар да команданың ойынына өз әсерін тигізді.
«Ойыншылар саны азайып барады. Бұл — үлкен мәселе. Алда Қостанайдың «Тобылымен» матч бар. Ол жерде табиғи шөп, мүлде басқа жағдайлар. Бұл ойынға барынша жақсы дайындалуымыз керек. Тобыл оң қапталдан жақсы шабуылдайды, соған қарсы нақты жоспар дайындаймыз», — деді бапкер.
«Кенжекбек жарты команданы алдап өтті»
Ойынның бір сәтінде «Елімай» ойыншысы Кенжекбек бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, қауіпті шабуыл ұйымдастырғанын да Бабаян ерекше атап өтті:
«Кенжекбек жарты командамызды алдап өтті. Бұл қалай болғанын түсіне алмай отырмын. Ашығын айтқанда, біз бүгін Елімайдан жеңіліп қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан тең нәтиженің өзі біз үшін сәтті аяқталғандай», — деп мәлімдеді бас бапкер
«Астана» көшбасшылар қатарында қала ма?
Бапкер алдағы турларға баса мән беру қажет екенін айтты:
«Алдағы төрт ойынға толықтай шоғырлануымыз керек. Келесі ойында үш ұпай алу үшін бар күшімізді саламыз. Бәсекелестік күшейіп келеді. «Қайратқа» мүмкіндік беріп қойдық. Бұлай ұпай жоғалтуға болмайды».
