Осы маусымдағы алғашқы ойынын өз алаңында өткізген семейлік ұжым «Спартак» стадионында жеңіліске ұшырады. Андрей Карпович шәкірттері футболдан ел біріншілігінің 7-турында көкшетаулық «Оқжетпестен» жауапсыз екі гол өткізіп алды. Негізінен төреші ысқырығы шалына салысымен алаң иелері бірінші нөмірмен шабуылдаған еді. Алайда қарымта шабуылдардың бірінде Дәурен Жұмат оң қаптал қорғанысты бұзып жарып бірінші болып есеп ашты. Уақыт өте «Елімайдың» қорғанысы сыр беріп, Алияр Мұхаммед ойын нүктесін қойды. Осылайша өз алаңында ұпай жоғалтқан семейлік ұжым турнирлік кестеде 5-ші орынға тұрақтады. Ал, Ферапонтов шәкірттері болса, үш сатыға жоғарылап, 6-шы орынға жайғасты.

