Футболдан Беларусь ерлер құрамасы Ресеймен өткен жолдастық кездесуде өз алаңында ірі есеппен жеңіліп қалды.
Қарсыластар Минскіде жаңа Ұлттық футбол стадионында кездесіп, қонақтар 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Ресей құрамасында Мәскеудің «Динамо» командасының шабуылшысы Ярослав Гладышев покер (4 гол) авторы атанды – 21, 24, 33 және 52 минуттарда мергендік танытты.
Беларусь құрамасының жалғыз голын Минскінің «Динамо» қорғаушысы Вадим Пигас соқты (54-минут), оған пас берген – Алматының «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко.
Айта кетейік, Беларусь құрамасы сапында Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын бірқатар ойыншылар да алаңға шықты.
Басты құрамда «Астана» жартылай қорғаушысы Макс Эбонг және «Қайрат» қорғаушысы Александр Мартынович шықты — ол бұл ойында капитан болды.
Семейлік «Елімай» клубының жартылай қорғаушысы Никита Корзун матчтың екінші таймында толық ойнады. Ал «Жеңіс» (Астана) клубының қақпашысы Сергей Игнатович бұл ойында алаңға шыққан жоқ.
Еске салайық, 5 маусымда Беларусь құрамасы Қазақстанмен жолдастық матч өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
