Испания Ла Лигасының 2024/2025 маусымының 35-тур аясында «Сельтаға» қарсы ойында жеңілгеннен кейін (2:3), «Севилья» жанкүйерлері ойыншылар отырған клуб автобусына жұмыртқа лақтырып, жаттығу базасының аумағына кірмекші болды, деп хабарлайды Tenbildop.kz сайты, Marca басылымына сілтеме жасай отырып. Естеріңізге сала кетсек, «Севилья» Испания чемпионатында сегіз ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді.
Ақпарат көзінің мәліметінше, жеңілістен кейін «Севилья» жанкүйерлері клубтың ойынына наразылық білдіру үшін Сан-Пабло әуежайына жиналған. Алайда футболшылар мен команда өкілдері топты айналып өтіп, автобусқа отыруға үлгерген. Кейінірек бірнеше жүз жанкүйер ойыншыларды жаттығу базасының алдында күткен. Команда спорттық базаға көптеген полиция және азаматтық гвардия қызметкерлерінің қорғауымен жетті. Жанкүйерлер автобусқа жұмыртқа лақтырып, футболшылар мен клуб басшылығына тіл тигізе бастағаннан кейін, құқық қорғау органдары ауаға пневматикалық қарудан оқ атуға мәжбүр болды.
Жанкүйерлер тарамай, ойыншылардың жеке көліктерімен базадан шығуын күткен. Жанкүйерлердің бір тобы базаның аумағына кіруге әрекет жасап, қоршауды сындырған. Осыған байланысты футболшыларға сол түні базада түнеуге тура келген.
