UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы матчы Шотландияда өтті. Глазгоның әйгілі «Селтик Парк» стадионында өткен тартысты кездесуде «Қайрат» пен «Селтик» 0:0 есебімен тең тарқасты.
Бұл матч — қазақстандық клубтар үшін тарихи нәтиже. Себебі бұған дейін еліміздің барлық ұжымдары «Селтик Паркте» жеңілістің ащы дәмін татқан. Кеше Уразбахтин шәкірттері сол дәстүрді бұзды.
Кескілескен майданнан кем түспеген кездесуде 21 мәрте тәртіп бұзылып, төреші 5 сары қағаз көрсетті. «Қайраттың» қақпашысы Александр Заруцкий матчтың 75-минутында ауыр жарақат алып, оны Темірлан Анарбеков алмастырды.
Алайда, бір өкініштісі ойынның соңғы секундттарында сары қағаз алған Дастан Сатпаев сары қағаздардың көптігіне байланысты қарымта кездесуге қатыса алмайды.
Кездесу тағдыры Алматыда шешіледі.
26 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Роджерс шәкірттерін қабылдаймыз. «Қайрат» әлеуметтік желідегі парақшасында матчтың барлық билеттері сатылып кеткенін мәлімдеді, солд-аут болары сөзсіз.
