«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы қарсыластары белгілі болды. Монакода өткен жеребе тарту рәсімі төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды. Алматылық клуб жалпы кезеңде «Реал», «Интер» сынды топ клубтармен ойнайды.
Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясындағы алғашқы кездесуін Алматыдағы «Орталық» стадионда Мадридтің «Реалына» қарсы өткізеді. Кейін қонақта Италияның «Интерімен» Миландағы «Джузеппе Меацца» стадионында шеберлік байқасады.
Үшінші кездесу Алматыда өтеді — “сары-қаралар” Еуропаға аты шыққан бельгиялық “Брюггені” қабылдайды. Төртінші ойын үшін Тұманды Альбионға аттанамыз: Лондондағы “Эмирейтс” стадионында Микель Артетаның “Арсеналына” қарсы ойнаймыз.
Алатау бөктеріне Грекияның “Олимпиакос” командасы келсе, алтыншы ойынды ойнау үшін Криштиану Роналдудың отаны — Португалияға қонаққа барамыз. Алматылықтар Криштің туған клубы “Спортингпен” сырт алаңда жолығады.
Өз себетімізден бізге кипрлік “Пафос” пен даниялық “Копенгаген” клубтары түсті. Алдымен Кипр клубымен “Орталықта” кездесеміз, кейін даттарға қонаққа барамыз.
