Оңтүстік Корея жұлдызы Сон Хын Мин ресми түрде LAFC клубына қосылды. Көптеген футбол жанкүйерлері қимайтын да шығар, дегенмен ол енді АҚШ-та доп тебеді.
«Бұл мен үшін арманымның орындалуы» — деді Сон БМО стадионындағы таныстыру рәсімінде. «Жеңіс үшін келдім. Керемет футбол көрсетемін. Бұл футбол ма, әлде соккер ме?» деп қалжыңдап, жанкүйерлерге жымиып қарады.
Алғашында Лос-Анджелестің келісімін қабыл алмағанын мойындаған футболшы, кейін ойынан айнып, бұл шешіміне риза екенін айтты. Ол сондай-ақ Корея қауымдастығы көп шоғырланған Лос-Анджелас қаласында ойнау үлкен мақтаныш екенін жеткізді.
33 жастағы шабуылшы бұған дейін 10 жыл бойы «Тоттенхэм» сапында ойнап, 454 матчта 173 гол соғып, 101 нәтижелі пас берген. 2021-22 маусымында Англия Премьер-лигасында «Алтын бутса» иегері атанған алғашқы азиялық ойыншы болды. Сон жуырда ғана «Тоттенхэммен» бірге Еуропа Лигасының финалында жеңіске жетіп, клубқа 17 жылдан кейін алғашқы трофейді алып берді.
Сон Хын Миннің LAFC клубына ауысу құны — 26 миллион доллар, бұл MLS тарихындағы рекордтық трансфер сомасы. Ол клубпен 2027 жылға дейін келісімшартқа қол қойды, қосымша екі жылға созу мүмкіндігі бар.
Сон алдағы сенбі күні LAFC-тің «Чикаго Файрға» қарсы ойынында бұрынғы әріптесі, қақпашы Уго Льориспен қайта қауышады. Алайда, ол алаңға шығу үшін әлі біраз үйренісу керектігін атап өтті.
Айта кетейік, жақында ғана «Ванкувер Уайткэпс» неміс футболының аңызы, бұрынғы «Бавария» шабуылшысы Томас Мюллерді қатарға қосқан болатын.
