TENBILDOP
А-СериясыӘлем футболыЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыЛа ЛигаТікелей эфирЧемпиондар ЛигасыЭксклюзив

«Қайрат» төрт минутта үш гол жіберіп, «Спортингке» жеңіліп қалды

УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясындағы алғашқы ойында алматылық «Қайрат» Португалия астанасында жергілікті «Спортингтен» 4:1 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Tenbildop.kz.

Кездесу әйгілі «Жозе Альваладе» стадионында өтті. Ойынды Дамиан Сильвестжак бастаған төрешілер бригадасы басқарды.

Бірінші таймда алаң иелері толық басымдық танытып, бірқатар қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. 24-минутта Шерхан Қалмұрза Мортен Юльманның пенальтиін қайтарды. Алайда таймның соңына қарай,  Франсишку Тринкан алыстан бағыттаған соққысымен есеп ашты.

Екінші таймның басында алматылықтар белсенді ойын өрнегін көрсетті. Еркін Тапалов пен Дастан Сатпаев гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп, таблодағы есепті теңестіре алмады. Жоржиньоның соққысы да қақпаға дарымады.

64-минутта Тринкан дубль авторы атанып, есепті 2:0-ге жеткізді. Араға екі минут салып, Алиссон Сантос жойқын соққымен үшінші голды рәсәмдеді. 68-минутта Джовани Кенда «Қайрат» қорғанысын қапы қалдырып, есепті 4:0-ге жеткізді.

Рафаэль Уразбахтин шәкірттері тек 86-минутта ғана жауап қайтара алды. Эдмилсонның соққысы нәтижелі голға айналып, «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы алғашқы голы тіркелді. Осылайша бразилиялық шабуылшы клуб тарихына есімін жазды.

«Сары-қаралар» 30 қыркүйек күні өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдайды. Ал «Спортинг» қазан айында «Наполиге» қонаққа барады.

 

Тағы да оқыңыз