Түркия футбол федерациясы (TFF) заңсыз бәс тігу ісі бойынша 102 ойыншыны футболдан шеттетті. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
Федерация шешіміне сәйкес, ойыншылардың жазасы 45 күннен 1 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.
Ең қатаң жаза — 12 айлық дисквалификация — мына футболшыларға тағайындалды:
-
қақпашы Али Шашал Вурал («Сивасспор»),
-
қақпашы Оркун Оздемир («Болусспор»),
-
жартылай қорғаушы Октай Алдын («Амед»),
-
қорғаушы Абдулсамед Бурак («Кайсериспор»),
-
сенегалдық шабуылшы Алассан Надо («Коньяспор»).
Бұған дейін түрік БАҚ-тары TFF тәртіптік кеңесі алдында 1 024 футболшы заңсыз ставкалар ісі бойынша жауапқа тартылатынын хабарлаған еді.
Сонымен қатар, федерация 149 кәсіби төрешіні де матчтардан 8 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге шеттетті. Себебі олардың матчтарға бәс тіккен шоттары — соның ішінде шетелдік букмекерлік платформалардағы аккаунттары — анықталған.
