TENBILDOP
Әлем футболыБолжамдарЖаңалықтарҚазақстан Премьер ЛигасыТікелей эфирЧемпиондар ЛигасыЭксклюзив

«Спортингтен» ұпай аламыз ба?

Бүгін алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын бастайды. Жалпы кезеңнің алғашқы турында Уразбахтин шәкірттері сырт алаңда Лиссабонның «Спортингімен» кездеседі, деп хабарлайды Tenbildop.kz.

10 жыл күткен асқақ арман. Соңғы рет 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне «Астана» қатысқан еді. Содан бері кәрі құрлықтың басты турнирінде бірде-бір отандық клуб бой көрсетпеді. Бүгін түнде «сары-қаралар» Лиссабонда, аты аңызға айналған «Жозе Альваладе» стадионында Виллиан Руи шәкірттерімен шеберлік байқасады. Айта кетейік, дәл осы алаңда кезінде Криштиану Роналду «Спортинг» сапында «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойнап, Сэр Алекс Фергюсонның назарына іліккен еді.

«Қайрат» сырт алаңда «Карабахтың» жетістігін қайталай ала ма?
Айта кетейік, әзербайжандық клуб екі күн бұрын Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясында португалиялық «Бенфиканы» 2:3 есебімен жеңген еді. Матчтан кейін Гурбан Гурбанов:

– Футбол жыл сайын қиындап барады. Бірақ бұл – Чемпиондар лигасы. Алаңда танымал есімдер емес, 11 футболшы ойнайды. Командалық ойын «Бенфиканы» жеңуге жәрдемдесті, – деп мәлімдеді әзербайжандық маман.

«Қайраттың» бүгінгі ойынында польшалық төрешілер бригадасы төрелік етеді. Бас төреші — Дамиан Сильвестжак, көмекшілері — Павел Сокольницки мен Адам Карасевич. VAR жүйесінде Томаш Квятковски жұмыс істейді, ал оның ассистенті — голландиялық Пол ван Букел. Төртінші төреші қызметін Марцин Коханек атқарады.

Португалия чемпионатында «Спортингтің» қарқыны қатты. “Арыстандар” соңғы бес ойынның төртеуінде жеңіске жетті. Тек «Портуға» қарсы өткен “Португал классикосында” ғана 1:2 есебімен жеңілген.


Алматылық клуб соңғы бес матчтың төртеуінде жеңілмеген. Тек «Елімайға» қарсы «Орталық» стадионда өткен кездесуде 2:3 есебімен ұтылып қалды. Алайда команда маңызды ойыншыларынан айырылып отыр. «Ақтөбеге» қарсы матчта негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков Уче Агбомен соқтығысып, басынан ауыр жарақат алды. Оған қоса, тізе жарақатына байланысты Александр Заруцкий, Георгий Зариа, Жоау Паулу және Елдер Сантана да бұл ойынға қатыса алмайды. Жағы сынған Темірлан да қатардан тыс қалды.

Қақпашылардың жарақатына байланысты «Қайрат» бағанасын бүгін Шерхан Қалмұрза күзетеді деп күтілуде. Дегенмен, командадағы тағы бір жас қақпашы Диас Реимовке де мүмкіндік берілді. «Спортингке» қарсы тарихи кездесуде ел намысын қос қақпашының бірі қорғайды.

«Спортингтің» де жоғалтқаны бар:
Команданың маңызды ойыншылары Даниэль Браганса мен Нуну Сантуш — тізе жарақатына байланысты қатардан тыс қалды. Ал Руи Силва, Жени Катома және Усман Диоманде бұлшық ет жарақатынан емделіп жатыр.

Матч 18 қыркүйектен 19-ына қараған түні Лиссабонда өтеді. Басталуы — түнгі 00:00-де. Бұл — «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойыны болмақ!

 

Тағы да оқыңыз