TENBILDOP
АПЛБундеслигаЖаңалықтарЛа ЛигаТікелей эфирЧемпиондар Лигасы

 «Ливерпуль» жеңісті жұлып алды

УЕФА Чемпиондар лигасының 1-турында Арне Слоттың «Ливерпульі» өз алаңында Диего Симеоненің «Атлетикосын» 3:2 есебімен жеңді. “Матрасшылар” есепті теңестіре алса да, «Ливерпуль» соңында жеңісті жұлып алды деп хабарлайды Tenbildop.kz.

Энфилдте – нағыз футбол тойы. Арне Слот шәкірттері өз алаңында “Симеоненің бандасымен”  кездесті. Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері белсенді шабуылдады. Ойынның 4-минутында айып соққысын орындаған Мо Салахтың добы Эндрю Робертсонның аяғына тиіп, Облак қақпасына асықпастан кірді. 6-минутта «Атлетиконың» қорғанысын бұзып-жарып, Мо Салах теңбіл допты төменгі бұрышқа аттандырды. «Ливерпуль» алғашқы минуттардан бастап басымдыққа ие болды — 2:0.
Симеоне шәкірттері тек бірінші таймның соңғы сәттерінде жауап қайтара алды. Распадоридің пасын ыңғайсыз бағыттаған Льоренте есеп айырмасын қысқартты.

81-минутта дәл осы Льоренте айып алаңында Барриостың сәтсіз соққысынан кейін допты жерге түсірмей соққы жасады. МакАллистердің аяғына тиіп бағытын өзгерткен аладопты Алиссон қайтара алмады.

90+4-минутта мерсисайдтықтар «матрасшылардың» қақпа алдына бұрыштама орындауға жиылды. Собослаидің оң аяғымен шүйіріп берген добын команда капитаны Ван Дейк баспен бағыттап, «Ливерпульге» жеңіс сыйлады.

Келесі турда «Ливерпуль» «Галатасараймен» ойнау үшін екі континентте орналасқан Стамбул қаласына аттанса, «Атлетико» өз алаңында франкфурттық «Айнтрахтты» қабылдайды.

Тағы да оқыңыз