«Қарабахқа» жеңілгеннен кейін клуб басшылығы португалиялық маман Бруну Лажені қызметінен босатты. Жақын арада Жозе Моуринью «Бенфиканың» жаңа бапкері атануы мүмкін деп хабарлайды Tenbildop.kz.
Күні кеше Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «қырандар» әзірбайжандық «Қарабахқа» өз алаңында жеңіліп қалды. «Эштадиу да Луж» стадионында өткен тартысты кездесу 2:3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Осыдан кейін қатты ашуланған португалиялық клубтың президенті Руй Кошта бас бапкер Бруну Лаже отставкаға кетті деп мәлімдеді ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Руй Кошта, «Бенфика» президенті:
«Біз Бруну Лажемен келісімге келдік, бүгіннен бастап ол команданың бапкері емес. Мен Брунуға «Бенфика» үшін жасаған еңбегі және адалдығы үшін алғыс айтқым келеді. Алайда, өзгеретін уақыт келді. Біз жаңа бапкерді алдағы уақытта тағайындаймыз», — деді Кошта.
Лаже «Бенфиканы» 2024 жылдың қыркүйегінен бері басқарды. Осы уақыт ішінде команда 66 матч өткізіп, соның 45-інде жеңіске жетті. Лаженің жетекшілігімен «қырандар» Португалия лига кубогы мен ел Суперкубогын жеңіп алды, сондай-ақ чемпионатта екінші орын иеленді. Бапкер бұған дейін де 2018/19 маусымында португалиялық команданы басқарған.
Испан басылымдарына сүйенсек, лиссабондықтар Жоземен келісіп үлгерген, енді ресми хабарлау ғана қалды. Айта кетейік, өткен айда «Фенербахче» Моуриньюді қызметтен қуып еді.
