ҚПЛ-дің 23-туры аясында елордалық «Астана» семейлік «Елімаймен» тең тарқасты. Қонақтар көп шабуыл ұйымдастырды, қызыл қағаз көрсетілді, жанкүйерлер турдың ең әдемі голдарына куә болды. Қос команда «Астана Аренада» нағыз қасапхана ұйымдастырды, деп хабарлайды tenbildop.kz сайты.
Алғашқы минуттардан-ақ «Астана» қос өкпеден қысып, шабуылды үдете түсті. Турнирдің үздік сұрмергені Назми Грипши есеп ашып, Алекса Аманович есепті еселеді. Бірінші таймда семейліктер қақпаға қанша қауіпті төндіргенімен, тек уругвайлық Кевин Роланның голымен ғана жауап қайтара алды.
57-минутта ұлттық құрамада жарқырап жүрген Ғалымжан Кенжебек елордалықтардың қорғанысын бұзып-жарып, таразы басын теңестірді. Годи өз голын әйгілі Криштиану Роналдудың стилінде тойлады. Ойын статистикасы бойынша Карповичтің шәкірттері қарсыластан көбірек соққы бағыттасада олардың үшеуі ғана тордан табыла білді.
61-минутта Назми Грипши тоғыздыққа топ еткізіп, дубль авторы атанса, 3 минуттан кейін «Астананың» қорғанысындағы қателікті пайдаланған Иван Свиридов жанкүйерлерді қуанта білді.
90+1 минутта португалиялық бас төреші Консалвеш қаптал қорғаушы Ян Вараговскийге қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. «Астана» он ойыншымен қалса да, семейліктер бұл оңтайлы сәтті пайдалана алмады. Қорытынды есеп — 3:3. Бұл тең ойынның нәтижесінде «Астана» турнирлік кестеде алматылық «Қайратты» алға шығарып алды.
