2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтетін Қазақстан – Уэльс матчының баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрамасын алаңға алып шығатын капитандардың кандидатурасы белгілі болды, деп хабарлайды Tenbildop.kz тілшісі.
Маусым айында өткен Солтүстік Македонияға қарсы матчтан кейін команданың негізгі капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрамадағы мансабының аяқталғанын мәлімдеді. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының келесі капитаны кім болады деген сұрақ көптің көкейінде.
Әли Әлиев, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
«Біздің қазақ мәдениетінде үлкенді құрметтеген, футбол болсын, басқа болсын, біз кімнің жолы үлкен болса, соған орын ұсынған халықпыз. Кімнің футболдағы және өмірдегі тәжірибесі мол, сол ойыншы капитан болуға лайық деп санаймын. Біз өз ішімізде ақылдасып жатырмыз, Нұралы, Әліп болады, басқасы болады деп дөп басып айту қиын. Мен капитан деп таңдаған адамды команда қабылдамауы мүмкін. Бір бағытта, яғни жақсы қорғанатын немесе өткір шабуылдайтын ойыншыны капитан қылып сайлау қателік. Себебі алаңнан бөлек, киім ауыстыру бөлмесіндегі атмосфера, футболдан тыс жағдайларды да ескеруіміз керек. Сондықтан бүгін кешке Уэльске қарсы шығатын негізгі құрамды ақылдасқан кезде капитан мәселесін де шешеміз.»
Tenbildop.kz тілшісі:
«Нұралы, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері сізді лайықты капитан деп санайды. Бұл туралы пікіріңіз қандай?»
Нұралы Әліп, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:
«Әрине, егер мені ұлттық құраманың капитаны қылып сайласа, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Оның алдында Асхат ағам болды. Капитандық жауапкершілік менің мойныма артылса, бар күш-жігерімді салып, құраманы алға жетелеуге тырысамын.»
