«Қайрат» — «Селтик» матчына Шотландиядан 400 жанкүйер ұшып келді. УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында өтетін қарымта матч бүгін Алматының “Орталық” стадионында өтеді. «Селтиктің» ультрасы — «Жасыл бригада» атымен танымал Еуропадағы ең бұзақы фанаттардың бірі.
Бүгін тарихта тұңғыш рет Алатау бөктерінде Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Глазгодағы алғашқы ойын тең нәтижемен аяқталды (0:0). Бүгін қос команда негізгі кезең жолдамасын сарапқа салады. Алыстан ат терлетіп келген глазголық фанаттарға 27-сектордан орындар бөлінді.
Айта кетейік, қарымта кездесудің барлық билеттері күн бұрын сатылып кеткен. Соңғы ақпараттар бойынша тағы 1000 билет сатылымға қойылған. Осылайша, бүгін “Орталықта” аншлаг болары сөзсіз.
