Ағылшын Премьер-лигасының 2-турында «Ньюкасл» өз алаңында «Ливерпульден» 2:3 есебімен жеңілді. 16 жастағы Рио Нгумоа жеңісті голдың авторы атанды.
Қонақтар алғашында 2:0 есебімен алға шықты. 35-минутта Райан Гравенберх айып алаңының сыртынан соққы жасап, есеп ашты. 46-минутта Коди Гакпо екінші мәрте сәтті пас беріп, Уго Экитике Ник Поуп күзеткен қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді. «Мерсисайдтықтар» екі доп айырмасымен алға шықты.
Дегенмен, «Ньюкасл» жауап қайтара алды. 57-минутта Бруно Гимараеш баспен соғып, есеп айырмасын қысқартса, 88-минутта Уилльям Осула Гравенберх пен Алиссонның арасынан өтіп, таразы басын теңестірді.
Алайда соңында «Ливерпуль» жеңісті жұлып алды. Қосымша уақытта (90+10) Гакпоны алмастырған 16 жастағы Рио Нгумоа матч тағдырын шешіп кетті. Соңғы минуттарда сәтті пас алмасқан «қызылдар» ньюкаслдық қорғаушыларды қапы қалдырды.
Сондай-ақ, «ақ-қаралар» матчтың екінші бөлігінде он ойыншымен ойнауға мәжбүр болды. Ван Дейкке қарсы өрескел тәртіп бұзған шабуылшы Энтони Гордон тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
«Ливерпуль» алғашқы екі ойында 6 ұпай жинады. Олардан бөлек жеңісті серияны «Арсенал» мен «Тоттенхэм» жалғастыруда. Лондонның қос клубы турнирлік кестеде гол айырмашылығы бойынша ғана алда тұр.
«Ньюкасл» бір ғана ұпаймен 15-орында.
30 шілде күні 3-тур аясында «Ньюкасл» қонақта «Лидспен» кездессе, 31 шілде күні «Ливерпуль» өз алаңында «Арсеналды» қабылдайды.
