Шотландияда өткен «Селтик» пен «Қайрат» арасындағы Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы матчында күтпеген жағдай орын алды. Кездесудің 75-минутында негізгі қақпашы Александр Заруцкий ауыр жарақат алып, оның орнын Темірлан Анарбеков басты. Алайда ойын барысында ол да жарақат алып, алаңға шығуға дайын тұрған 18 жастағы Шерхан Қалмұрзаға көпшіліктің көзі түсті.
Жас қақпашы бұл сәт туралы былай дейді:
«Ешқандай қорқыныш болмады. Темірлан Анарбеков ағам секілді. Ол жарақат алған кезде уайымдадым. Ал ойын туралы айтсам, мүлде қобалжыған жоқпын. Алаңға шығып, өз ойынымды көрсетуге дайын болдым. Адамдар түрлі пікір жазып жатыр — түсінеміз. Біз кез келген сәтте алаңға шығуға дайын болуымыз керек. Сол үшін күнде жаттығу жасаймыз. Өзіме сенімдімін. Тек ағамның жарақаты алаңдатты», – деп мәлімдеді қақпашы берген сұхбатында.
Биылғы маусымда Шерхан Қалмұрза бірінші лигада 540 минут ойнап үлгерген. Оның дайындығы мен сенімділігі «Қайраттың» болашағына деген үмітті арттырып отыр. Енді бар назар алда болатын шешуші матчта. 26 тамыз күні Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы қарымта кездесу өтеді. Клуб таратқан ақпаратқа сәйкес, матч билеттері толықтай сатылып кеткен.
Бұл ойында да күтпеген жайттар орын алуы мүмкін. Бәлкім, жас ойыншылардың батылдығы мен шеберлігіне куә боламыз.
