TENBILDOP
Жаңалықтар

Дэвид Мойес қатты ашулы

Эвертонның бас бапкері Лидске берілген пенальтиді әділетсіз деп санайды.

Ағылшын  Премьер-лигасының жаңа маусымы даулы мәселемен шымылдығын түрді.  Пенальти берілген сәттен кейін «Эвертон» бас бапкері Дэвид Мойес төрешілердің жұмысына күмән келтірді.

Дүйсенбі күні «Элланд Роуд» стадионында өткен матчта «Эвертон» «Лидс» клубына 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Жеңіс голын командаға жаңадан қосылған шабуылшы Лукаш Нмеча пенальтиден соқты. Бұл пенальти алаңда Джеймс Тарковскийдің қолына доп тигеннен кейін тағайындалған. Алайда Дэвид Мойес бұл шешімге үзілді-кесілді келіспейді.

«Мен, әрине, бұл пенальти емес деп айтамын және солай деп есептеймін. Мен төрешімен сөйлестім. Ол мұның бәрін VAR шешті деп, жауапкершілікті өзінен алып тастады. Енді не дей аламын?» – деді Мойес.

Мойес тек осы ойын ғана емес, жалпы маусымның ашылу турындағы төрешілер жұмысына да көңілі толмайтынын жасырмады:

«Менің ойымша, бұл демалыс күндері төрешілер өте нашар жұмыс істеді. Көптеген күмәнді шешімдер болды, ал бүгінгі жағдай соның тағы бір мысалы. Ережеге сәйкес, ойыншы қолын денесіне жақын ұстауы керек. Бұл жағдайда Тарковский тіпті қолын артына қарай тартып үлгерді. Доп та бағытынан ауытқып соғылды. Қолмен ойнады деуге келмейді», – деді ол.

«Жұма күні өткен Ливерпуль мен Борнмут арасындағы ойында бұдан да айқын қолмен ойнау жағдайы болды, бірақ ол жерде пенальти берілген жоқ», – деп Мойес төрешілердің тұрақсыз шешімдерін алға тартты.

Сонымен қатар Мойес жаңа ойыншысы Джек Грилиштің жағдайы туралы да пікір білдірді. Ол бұл матчта небәрі 19 минут қана ойнады.

«Джек жаттығуда жақсы жұмыс істеп жүр. Бірақ біз оны дұрыс уақытта алаңға шығарғымыз келеді. Оған тым үлкен үміт артудың қажеті жоқ. Ол бұған дейін қатарынан екі немесе үш ойын өткізбеген. Сол себепті оны біртіндеп енгізуіміз керек», – деді Мойес.

Тағы да оқыңыз