Қазақстан Премьер-лигасының 16-Туры аясында, семейлік «Елімай» Жезқазғанға қонаққа барды. Ойын тағдыры 86-минутта төреші белгілеген пенальтиде теңесті. Әйтпегенде «Ұлытау» жергілікті жанкүйерлердің алдында жеңіске жетіп жатқан еді.
Алайда бұл нәтиже Андрей Карповичке ұнамаған екен. Тіпті отандық маман “Металлург” стадионындағы жасанды төсенішке де наразылығын білдірді. Сырт алаңдағы ойынан кейін семейлік ұжымның бас бапкері былай деді:
Бүгінгі нәтижеге көңіліміз толмай отыр. Біз үш ұпай алу үшін Жезқазғанға келдік. Осындай сын сағаттарда жеңіске жету үшін жоғары сапалы ойын көрсетуіміз қажет. Бүгін, өкінішке орай оны көрсете алмадық. Біз мүлде басқа нәтижеге үміттендік. Бірінші таймда гол соғатын сәттеріміз көп болды, тіпті бір метр жерден соға алмай қалдық. Жақсы шабуылдар болды, өкінішке орай гол жіберіп алдық.
Алаң жайында бөлек тоқталғым келеді — мұндай жағдайда ойнау өте қиын. Бүгінгідей ауа райында кондиционері жоқ киім ауыстыратын бөлмеден синтетикалық алаңға шығып доп тебу кімге керек? Бүгінгідей аптап ыстықтағы синтетикада өтетін матчтар — біздің футболды құртып жатыр.
Айта кетейік, алғаш болып алаң иелері сапынан жапониялық ойыншы Котаро Киши есеп ашқан еді. Ал ойынның 86-минутында Иван Свиридов пенальтиден есепті теңестірді (1:1).
